Смағұлов атой салғанда


Главная » Новости » Смағұлов атой салғанда

Осыдан дәл 20 жыл бұрын Сидней­де Олимпия ойындарының алауы тұтанды. Айтулы жарыста Қазақ­станнның жеті өрені олжаға кене­ліп, елге оралғаннан кейін барлығы үлде мен бүлдеге оранды. Сол кезде ғаламдық доданың алтын тұғырына көтерілген бокс­шы Бекзат Саттарханов пен Ерма­хан Ыбырайымов, желаяқ Ольга Шишигина, күміс медальді мо­йын­­дарына ілген былғары қолғап шебер­лері Болат Жұмаділов пен Мұх­тархан Ділдәбеков, еркін күрестің өкілі Ислам Байрамуков және велошабандоз Александр Ви­но­­куровтың бал-бұл жайнаған бейнелері күні бүгінгідей көз алдымызда.

Сиднейде атой салған саңлақтар арасында елеусіздеу қалған бір тұлға бар. Ол – дзюдошы Айдын Смағұлов. Ұлттық құрама бапкерлері коман­даға алмағаннан кейін айтулы балуан Қырғызстанның туы астында өнер көрсетуге бел буды. Жанкешті жігіт Сиднейде өзінің мықтылығын мойындатып, қола медальді иеленді. Осылайша Смағұлов өзге мемлекеттің намысын қорғаса да, оның есімі қазақ дзюдошылары арасынан Олимпия ойындарының жеңіс тұғырына көтерілген тұңғыш дзюдошы ретінде тарихта қалды.

Айдын – Алматы облысы Алакөл ауданының тумасы. Спорттың қыр-сырын жергілікті жаттықтырушы Бақыт­бек Мұстафин және өзінің туған ағасы, самбодан жасөспірімдер арасында КСРО біріншілігінің жеңімпазы Рүстем Смағұловтан үйренді.

Айдын айтады: Алакөл ауданының орталығы – Үшаралға Бақытбек Мұс­тафин сынды білікті бапкер келгеннен кейін жастардың барлығы да самбо және дзюдо күресімен жаппай айналыса бас­тады. Алдымдағы ағаларымның екеуі де спортшылар. Әке-шешем күндіз-түні жұмыста. Үйде маған қарайтын ешкім жоқ. Сол себепті Рүстем өзімен бірге спорт залына мені ертіп баратын. Кешкісін ағамның қасында болып, жаттығу барысын тамашалаймын. Кейде боз кілемнің бір шетінде алысып-жұлысамын. Уақыт оза жаттығудан қалмайтын болдым. Спорт залында Бақытбек ағаның тәрбиесін көрсем, үйде Рүстемнен тәлім алдым. Бапкеріміз өте байсалды адам. Еш уақытта дауыс көтеріп, балаға ұрыспайды. Ұтсаң да, ұтылсаң да бірқалыпты. Үнемі ақыл-кеңесін айтып, ағалық қамқорлық танытады. Білмеген жеріңді тәптіштеп үйретуден жалықпайды. Ал Рүстемнің мінезі бөлек. Бір әдісті бір рет қана қайта­лайды. Көрсетіп тұрғанында қағып алуға тиіссің. Сол тәсілді қайталай алмасаң, бұлқан-талқан болып ашуланады. Көңіл күйі болса, екінші мәрте қайталауы мүмкін. Егер сонда үйренбесең, қолың бір сілтейді де кетеді. Жай кетпейді, балағаттап, сүйектен өтетін сөздер айтып кетеді. Ағамның бұл қылығы алғашында маған ерсі көрінетін. «Дұрыстап үйретсе қайтеді екен» деп жыларман боламын. «Тұра тұр, бәлем, әдіс-тәсілдің барлығын үйреніп алайын, содан кейін қалай күресу керектігін мен саған үйретемін» деп өз-өзімді қайраймын. Балалық қой, есейе келе ағамның не үшін ашуланатынын түсіндім. Балуанға ең әуелі жылдамдық, шапшаңдық, ептілік қажет. Айтылған ақылға құлақ түріп, көрсетілген әдісті әп-сәтте қағып алмаған спортшы боз кілемде шұғыл шешім қабылдай алмай, кібіртіктеп қалады. Ал оның ақыры немен тынатыны белгілі ғой. Кейін ойлап көрсем, Рүстем жайбасарлығым мен шалалығыма шамданады екен.

Шеберлігі толыса келе Айдын алдын­дағы ағаларының жолын қуып, Өскеменге аттанды. Ол жақта Жанәділ Атаевтың қол астында жаттықты. Елімізге есімдері жақсы таныс Руслан Сейілханов, Ержан Омарбаев, Сержан Омаров сынды белді балуандармен бір залда жаттығып, сол саңлақтардан көп нәрсе үйренді. Күрес­тің екі түрін де еркін меңгерген кейіп­керіміз ақыры дзюдоны таңдады.

Өзінің алғашқы қомақты табысына Алакөлдің арланы 1996 жылы қол жеткізді. 20 жасында алғаш рет ересектер арасында ел чемпионы атанды. Осы жеңістің арқасында ұлттық құ­рама сапына қабылданып, шет мем­ле­к­еттерде өткен бірқатар жарыстарда бақ сынады. Бірде ұтып, бірде ұты­лып жүрді. Жасыратыны жоқ, сол кез­дері 60 кило салмақ дәрежесінде еліші­лік жарыстардың өзінде мықты бәсе­ке­лестік белең алып тұрды. Ержан Омар­баев, Нұрбол Сүлейменов, Базарбек Доң­бай, Қасым Табылдинов, Бақытжан Әбді­кәрімов, Берік Жетпісбаев, Ерлан Сіләм­баев… қай-қайсысын алсаңыз да кілең са­йдың тасындай жігіттер. Сол сынақтан сүрінбей өту Смағұловқа оңай болған жоқ. Олимпиада қарсаңындағы жауапты жа­рыс­­тарда сәтсіздікке ұшыраған ол Сид­нейге сапар шегу мүмкіндігінен айырылды.

Сондай жайсыз күндердің бірінде Қырғызстанның танымал бапкері Тұратбек Құлыбаев Айдынға тосын ұсыныс жасады. Қырғыздар арасынан намыс туын биік ұстайтын білекті балуандар табылмаған соң айтулы маман біздің елге келіп, өзіне шәкірт қарайласып жүр екен. Бішкекте өткен Орталық Азия ойындарында ол кісінің 60 кило салмақтағы Айдын Смағұлов пен 73 кило салмақтағы Сағдат Садықовқа көзі түсіпті.

Айдын айтады: – Алғашында «Өз елім, өзімнің Отаным тұрғанда, өзгенің намы­сын жыртқаным қалай болар екен?» деген ой да келді. Содан ағаларым­нан ақыл сұрадым. Олар: «Ұлттық құра­­маға алма­ғаны үшін сен кінәлі емес­сің. Қыр­ғыз­дар қиылып сұрап тұрса, тар­тыну­дың реті жоқ. Біле білсең, жат елге кетіп бара жатқан жоқсың. Іргеміздегі қырғыз­дар – өз ағайындарымыз. Қазақтың бір аза­маты бауырлас мемлекеттің даңқын шы­ғарып жатса, несі айып?! Есіңде бол­сын, спорттық ғұмыр қысқа. Оның үстін­е, Олимпия ойындары күнде өтіп жат­қан жоқ. Енді төрт жылдан кейін ғалам­дық жарысқа баруың, иә бармауың белгі­сіз. Сол себепті мүмкіндігіңді қалт жібер­ме», деп кесімді сөздерін айтты. Бұл шешімге біздің бапкерлер де қарсы болмады. Сөйтіп, Сағдат екеуі 2000 жылы Сид­нейде алауы тұтанған Олим­пиа­дада Қырғыз­станның туы астында өнер көр­сетуге тәуекел еттік.

Сиднейде Аргентина, Ресей, Молдова және АҚШ дзюдошыларын жеңген Смағұлов бразилиялық Манола Пулаға есе жіберді. Осылайша қола медаль үшін таласу мүмкіндігін сақтап қалған қандасымыз өзбекстандық Әлішер Мұхтаровпен кездесті. Соның алдында ғана Алматыда өткен Санжар Жандосовты еске түсіруге арналған халықаралық турнирде жоғарыда есімдері аталған қос балуанның жолы қиысқан болатын. Сол жарыста «қылқындыру» тәсілін қолдан­ған Мұхтаров қазақ жігітіне сан соқтырып кетті. Енді есе қайтаратын кез келді. Екеуі біразға дейін бір-бірін ала алмады. Шамамен кездесудің үшінші минуты болса керек, Мұхтаров іштен ілуге әрекет етті. Оның алдын ораған Айдын «диірмен» әдісін сәтті қолданып, қарсыласын қос жауырынымен жерге қадады. Осы айқын жеңістің арқасында Айдын Смағұлов Олимпия ойындарының қола жүлдегері деген мәртебелі атаққа ие болды.

Жоғарыдағы айқас аяқталғаннан кейін өзбек бапкерлері байбалам шығарған көрінеді. «Айдын Смағұлов – Қазақстанның азаматы. Оның Қырғызстанға еш қатысы жоқ. Олар Халықаралық дзюдо федерациясы бекіткен ережені бұзып отыр. Сол себепті жеңіс біздің балуанға берілуге тиіс», деп шағымдануға бекінген екен. Сол кезде Әлішер «Мен Айдыннан татамидің үстінде, таза белдеу барысында ұтылдым. Сондықтан да ешкімнің алдына барып арызданбаймын. Ондай арзан жолмен келген абыройдың маған еш қажеті жоқ», деп кесімді сөзін айтқан екен. Міне, нағыз ер азамат осылай кесек сөйлеу керек қой!

Айдын айтады: Кей адамдар менен «Егер қола медаль үшін айқаста өз­бек Әлішер Мұхтаровпен емес, қазақ Базар­бек Доңбаймен кездескенде не іс­тер едің?» деген сұрақты жиі қояды. Әри­не, әр спортшының түпкі арманы – Олимпиадада атой салу. Мен де Сид­нейде жүлдеге қол жеткізуді мақсат тұт­тым. Алланың қалауымен арманым орын­­далды. Ал егер Базарбек екеуміздің жолы­­мыз қиысқанда, мен оған еш ойлан­бас­­­тан жол берер едім. Өйткені Доңбай қазақ­тың намысын қорғады. Мен болсам, өзге елдің туы астында өнер көрсеттім. Он­дай жағдайда кеудесінде намысы бар әр аза­мат мем­лекеттің мүддесін бәрінен де жо­ғары қоюға тиіс. Мен де солай істейтін едім.

Айдынды мен бозбала шағынан жақсы білемін. Қашан да кесек сөйлейді. Сөзі мен ісі бір-бірімен қабысады. Сиднейден  оралғаннан кейін ол асып-тасыған жоқ. Ешкімге өкпе айтпады, ешкімге назданбады. Бішкекке барып, Қырғызстанның ең жоғарғы мемлекеттік наградаларының бірі «Даңқ» орденін кеудесіне тақты. Қазақтың мәрт азаматтары да Айдынды шеттеткен жоқ. Қазақ дзюдошылары арасынан шыққан Олимпиаданың тұңғыш жүл­дегерінің құрметіне Алакөлдің жаға­сында дүркіреген той өтті. Самат Рамазанов пен Мұхтар Тойбазаров ағалары үстіне шапан шауып, астына жеңіл көлік мінгізді.

Қазіргі кезде Айдын Смағұлов дзюдо­дан Қазақстан ұлттық құрама коман­дасы­ның бас бапкері қызметін абыройлы ат­қа­руда. Бұйыртса, келесі жылы Токио Олим­­пиадасының алауы тұтануы тиіс. Сол жарысқа атақты балуан еліміздің ең үздік татами шеберлерін өзі бастап апарады.