Нұржан Сманов: Бір арманым іште кетті


Главная » Новости » Нұржан Сманов: Бір арманым іште кетті

Кезінде даңқты бапкер Әбдісалан Нұрмаханов БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында ұлттық құрама сапындағы өзінің таңдаулы шәкірттерінің бірі Нұржан Смановты «Қазақ боксының ақыл-ойы!» деп атаған еді. Көпшілік мұны жас жігіттің айшықты өнері ғана емес, ой-өресінің де биіктігіне берілген баға ретінде қабылдады. Иә, ұзақ жылдар отандық боксты өрге сүйреген Әбекеңдей ақсақалдың дуалы аузынан шыққан осы теңеуге ешкімнің таласы болмауға тиіс. Шырайлы Шымкент өңірінің тумасы еліміздің ең үздік былғары қолғап шеберлерінің бірі әрі бірегейі болғаны баршаға мәлім.

Шынында да, Нұржан ойлы боксшы еді. Сонымен қатар оқығаны мен тоқығаны көп, ой-өресі биік, парасаты жоғары азамат жайшылықта қарапайым қалпынан айныған емес. Осы қасиетінің арқасында айналасындағы адамдарды өзіне бірден баурап алатын. Қай жерде жүрсе де Смановтың қолынан кітап түспейтін. Сапарға шыққанда немесе қауырт жаттығудан қолы босаған сәтте әлем әдебиеті мен қазақ қаламгерлерінің шығармаларын тегістей оқып шығатын. Міне, сол азаматпен жуырда жүздесудің сәті түсті.

– Нұржан Дініқұлұлы, сіздің спорттық жолыңыз өте жар­қын басталды. Олай деу­ге не­­гіз, 1987-1990 жылдар ара­­лы­­ғын­да жасөспірімдер мен жастар арасында өткен КСРО бі­­рін­шіліктеріне төрт мәр­те қа­ты­сып, барлығында бас жүл­дені ол­­жаладыңыз. Мұн­­дай орасан та­быстардың тегін келмейтіні бел­г­ілі. Сол құ­пия­ңызбен бөліс­сеңіз.

– Оның еш құпиясы жоқ. Былғары қолғапты алғаш киген күннен бастап бағыт-бағ­дарымды анық айқындап алдым. Жаттығу барысы немесе жарыс кезінде аянып, тартынып қалған кезім жоқ. Мақ­сат тауына шығу жолында барымды салдым. Бағыма орай, Нұрғали Сафиуллин мен Хайртын Файзуллин сынды білікті бапкерлерден тәлім-тәр­­бие алу бақыты бұйырды. Ұс­таздарымның әр тапсырмасын бұлжытпай орындадым. Айтқан әр ақыл-кеңесіне құлақ астым. Бір сөзбен айтсам, өзім таң­даған кәсіпке барынша адал болуға тырыстым. Ал жаттығу за­лында төгілген тердің зая кет­пейтіні белгілі ғой. Шеберлігім то­лыса келе, өз қатарымның ал­ды болдым. Әуелі облыстық, іле-шала республикалық до­далар­да дараландым. Содан кейін бүкілодақтық жарыстарда ел намысын қорғау құр­ме­­­тіне бөлендім. Алғашында жас­өспірімдердің Львов пен Дондағы, Ростовта өткен КСРО бірін­шіліктерінде топ жардым. Одан кейін Шымкент пен Ир­кутскіде ұйымдастырылған жас­тар арасындағы жарыста жо­ғарыдағы нәтижені қай­та­ладым. Сол бәсекелердің еке­уінде ең үз­дік боксшыға тиесілі арнайы сыйлыққа ие болдым.

– Бүкілодақтық додаларда дараланған спортшыға ха­лық­аралық аренаға даңғыл жол­дың ашылатыны белгілі. Ал шетелдегі алғашқы қадам­дары­ңыз қалай болды?

– Жоғарыдағы жеңістің арқа­сында 1990 жылы жастар арасында өткен екі бірдей дүбірлі додаға қатыстым. Шілде айын­да Чехословакияның Устья-над-Лабой қаласында ұйымдас­ты­рылған Еуропа біріншілігінде 63,5 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, алтын тұғырға кө­те­рілдім. Жарыс қорытындысы бойынша ең үздік боксшы болып танылдым. Қазан айында Оңтүстік Америкаға аттандық. Перудың астанасы – Лимада өткен әлем біріншілігінде 67 кило салмақта жұдырықтасып, күміс медальді иелендім. Фи­налдық сайыста кубалық Ариэль Эрнандеске есе жібердім. Бос­тандық аралының өкілі уақыт оза Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының екі дүркін жеңімпазы атанды.

– 1987 жылы алғаш рет Одақ біріншілігінде топ жарып, небәрі 15 жасыңызда КСРО спорт шеберінің күміс белгі­сін кеу­деңізге тақтыңыз. Сонда ха­лықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін Еуропа бі­рін­шілігінде орындадыңыз ба?

– Жоқ, бұл атаққа сәл ертерек қолым жетті. 1988 жылы Бол­гарияның Хасково қаласында «Достық» ойындары өтті. Бұл – со­циалистік бағыттағы мемле­кет­тердің Олимпиадасына ба­лан­­ған жарыс. Сол кезде шет­елге тұңғыш рет шығып тұр­ғаныма қарамастан барлық қар­­сыласымды сыпыра ұтып, фи­­налда Хектор Ви­нентпен күш сынастым. Бұл бәсекеде қар­сыласымның қаба­ғын жарып, айқын жеңіске жет­тім. Ви­­нент те кейін керемет нә­ти­желерге қол жеткізді. Ол – Бар­селона мен Атланта Олим­пиа­дасында және Тампере мен Бер­линдегі әлем чемпионатта­рында алдына жан салмады. Ал мен осы жеңістің арқасында ха­­лықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындадым. Бұл мәртебелі атақ маған 16 жасымда бұйырды.

– Жастар арасындағы жа­рыс­тарда қарсылас шыдат­па­ған боксшыға ересектер дуына қо­сылу да айтарлықтай қиын­дық туғыза қоймаған шығар?

– Ересектер дуына қосыл­ғаннан кейін де нәтижем жаман болған жоқ. 1991 жылы Ру­мынияда өткен «Алтын белбеу» турнирінде топ жардым. Содан кейін КСРО халықтары Спартакиадасына қа­тыс­тық. Минскіде жалауы жел­біреген жарыста күміс медаль­ді еншіледім. Негізі, финалдық айқаста же­ңілмеген едім. Бірақ әділдікті белден басқан төреші­лер мені Ресей өкілі Андрей Пес­тряевқа «жығып берді».

– 1991 жылы Алматыда Қазақ мемлекеттік теле-радио ко­митетінің жүлдесі үшін өт­кен халықаралық турнирде не­­бір дүлдүлдердің жи­нал­ға­ны есімізде. Әсіресе 67 кило салмақ дәрежесінде бә­се­келестік өте күшті еді. Со­лар­дың арасынан сіздің шоқ­ты­ғыңыз биік болды. Ай­тулы жа­рысты жадыңызда жиі жаң­ғыртып тұратын шы­ғар­сыз…

– Сіз әңгімелеп отырған жарыста үш бірдей дүлдүлмен күш сынастым. Алғашқы айналымда Талғат Бердібековтен басым түстім. Одан кейін Аркадий То­паевты тізе бүктірдім. Ақтық сында Ермахан Ыбырайымовтың осал тұсын таптым. Жоғарыда аталған боксшылардың барлы­ғының да есімдері жанкүйерлерге жақсы таныс. Оларды еш кү­мәнсіз ұттым. Егер менің сөзіме күмәндансаңыз осы бәсекелерді ғаламтордан қайталап көруіңізге болады.

– Оған еш күмән жоқ. Сіз­ден жеңілгеннен кейін қар­сыластарыңыздың барлығы да өзге салмақтарға ауысқаны біз­ге мәлім. Сол тұста дәуіріңіз жүріп тұрса да, Барселона Олим­­­­пиадасына бара алма­ды­ңыз. Неге?

– Қырсық деген аяқасты емес пе?! Сол кездері созылмалы бронхит деген ауру жабыс­ты. Сол сырқаттың кесірінен Тамбовта ұйымдастырылған ТМД чемпионатына қатыса алмадым. Ал іріктеуден өтпеген спортшының байрақты бәсекеге қатыспайтыны белгілі ғой.

– Тәуелсіздікке қол жет­кіз­геннен кейін Қазақ­станның былғары қолғап шеберлері Азияда алдарына жан салмай, дүниежүзілік додаларда даралана бастады. Сіз бес жыл бойы сол жұлдызды команданың капитаны болдыңыз. Сол кезден бастап, Атланта Олим­пиа­­­дасына дейінгі аралық­та қан­дай белестерді бағын­дыр­ды­ңыз?

– 1994 жылы Теһранда Азия чемпионы атанып, Хиросимада алауы тұтанған Азия ойындарында бас жүлдені қанжығама байладым. Жапониядағы жарыстан соң елімізге еңбек сіңірген спорт шебері атағын алдым. Айтулы додалардың екеуінде де ең үздік боксшыға тиесілі арнайы сыйлықты иелендім. Басқа да бірқатар аса ірі халықаралық турнирде топ жардым. 1995 жы­лы Ташкентте өткен Азия чемпионатында күміс медальді мойныма ілдім.

–  Нұржан, осы жерде сөзі­ңіз­ді бөлейін. Соған дейінгі жарыс­тарда өзбекстандық Нариман Атаевты еш қиналмай ұтып жүр­­ген едіңіз. Бірақ Ташкент тө­­рінде есе жібердіңіз…

– Ташкентте де Атаевты «ой­нап-күліп» жүріп-ақ ұта­та­ныма күмәнім жоқ еді. Бірақ финалдық айқаста әлдекімдер тұла бойым­ды дуалап тастағандай күй кеш­тім. Сенсеңіз, рингке қалай кө­т­ерілгенімді және бәсекенің қа­­лай өрбігенін де білмеймін. Әй­теуір, айқас аяқ­талып, киім ауыстыратын бөл­меге жеткенде ғана есімді жидым. Сол кезде туған ағам Нұр­лан мен бапкерім Нұрғали Сафиуллин «Саған не болды? Тіптен, қарсыласып жарытпадың ғой» деп сұраулы жүздерімен қарайды. Мен үнсіз­бін. Не деп жауап берерімді де білмеймін. Елге оралғаннан кейін бейнетаспаны көрдім. Мас­­қара! Бәсеке барысында На­риман мені нокдаунға жіберген екен. Ішім удай ашып, жылап жібере жаздадым. Кейін білдім, қарсыласым қара магияға қатысы бар адамның көмегіне жүгініпті. Зәулім спорт кешенінің бір бұ­рышына жайғасқан әйел адам бәсекенің басынан аяғына дейін мені дуалап отырыпты. Бұл жайтты маған кейін өзбектердің өздері айтты.

– 1996 жылы Атланта Олим­­­­­пиадасында күллі қа­зақ жұрты Смановқа ерекше сенім артты. Алайда сіз жеңіс тұғы­рына сынық-сүйем қал­ғанда сү­­ріндіңіз. Не жетпеді деп ойлайсыз?

– Жарысты жап-жақсы бас­таған едім. Алғашқы айналымда Аустралияның өкілін екін­ші раундта ұрып жығып, келесі кезеңде пәкістандықты ойсырата ұттым. Алайда ширек финалда жолым Хуан Эр­нандеспен қиысты. Шыны керек, Барселона Олимпиадасының күміс жүлдегері, үш дүркін әлем чемпионы деген атағы бар әйгілі Куба боксшысына әлім жетпеді.

– Байыптап қарасақ, Олим­пиада ойындары мен әлем чемпионатында көбіне-көп сіздің жолыңызды бөгеген Хуан Эр­нандес екен. Сонда Куба қа­быланының осал тұсын табуға еш мүмкіндік болмады ма?

– Иә, 1993 жылы Тампере мен 1997 жылы Будапеште өткен әлемдік додада және 1996 жылы Атланта Олимпиадасында дәп сол былғары қолғап шеберінен ұтылдым. Несін жасырайын, кезінде ол өте мықты боксшы бол­ды. Өздеріңізге мәлім, 1998-1999 жылдары аралығында Куба құрамасы Қазақстанға келіп, қос команда бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Сол кезде Хуан Эрнандеспен бес рет спарингке шықтым. Бес кездесу де менің пайдама шешілді. Тіптен, бір рет оңбай есеңгіретіп те тастадым. Атағы алысқа жа­йылған Хектор Винент пен Ро­берто Гуэроны да жақсылап тұрып сабағанмын. Әрине ресми жарыстарда ұтпағаннан кейін ондай жеңістердің аса бір желпіндірмейтіні анық қой. Бі­рақ сол жиындардан соң аса жауапты жарыстардың шешуші тұстарында неге есем кетіп жүр­генін түсіндім. Барлығы да шектен тыс салмақ қуғаннан екен. Әр жарыс қарсаңында кемінде төрт-бес килодан арылатынмын. Ал салмақ қуған сайын бойдағы күш-қуат кемиді. Бәлкім, кей­біреулерге қайта қалпына келу қиындық туғызбайтын шығар. Ал маған бабыма келу өте қиын еді. Соның зардабын тар­тып жүріппін. Міне, барлық гәп осыда екен.

–  Олай болса, 71 кило салмақ дәрежесіне ауысуыңызға не ке­дергі болды?

– 1997 жылы Азия чемпио­ны атанғаннан кейін 71 кило салмақ дәрежесінде күш сына­суға бел будым. Алғашында аяқ­алысым жаман болған жоқ. 1998 жылы Қостанайда ел чемпионы атандым. Сол аралықта Ермахан Ыбырайымов 75 кило салмаққа ауысып үлгерді. Ол да Қостанайда бас жүлдені олжалады. Көп ұзамай Шымкентте Серік Қонақбаевтың жүлдесі үшін халықаралық турнирдің жалауы желбіреді. Ақыры сол жерде екеуміздің жолымыз қи­ысты. Финалдық сайыста мен Ермаханды ұттым. Азия ойын­дары қарсаңында Алматыда Ескендір Хасановтың турнирі өтті. Бастапқы бәсекелерде өз қарсыластарымнан басым тү­сіп, жартылай финалға жолдама алдым. Келесі күні қонақ үй­ден шығып, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына ба­ру­ға бағытталғанымда жол то­рыған белгісіз біреулер бетіме улан­дырғыш зат сеуіп, көлікке отырғызып, айдалаға апарып тастап кетті. Бірер сағаттан соң есімді жисам, Панфилов сая­ба­ғында жалғыз жатыр екен­мін. Жарыс әлдеқашан аяқталып қойған. Осы оқиғадан соң көп­ке дейін өз-өзіме келе алмай жүрдім. Мен ешуақытта бі­реудің ала жібін аттап көрмеген едім. Ешкімге қиянат жасаған да емеспін. Өзімше «Не болса да, жау алыстан келген жоқ. Осындай арсыздыққа барғандар бокстың төңірегінде жүрген ниеті қара, пиғылы арам адамдар» деп топшыладым.

– Иә, ол оқиғадан құлағ­дармыз. Сол тұста респуб­ли­ка­лық басы­лымдардың бірінде спорт тақырыбына қалам тар­тып жүрген көр­некті журналист Бақтияр Тай­жанның «Нұржанға қол салғаны, ер жі­гіт­тің азғаны» деген мақала жа­рық көрді емес пе?

– Жоғарыдағы жағдайдан кейін жүйкеме салмақ түскені былай тұрсын, денсаулығым да сыр бере бастады. Бірер күннің ішінде қатты азып кеттім. Қайта жаттығу залына келіп, дайын­дықты бастаған едім, салма­ғым 68 килодан көтерілмей қой­ды. Амалдың жоқтығынан, үйрен­шікті салмағыма қайта оралдым. 1998 жылы Алматыда Куба мен Қазақстан құрамалары арасында жолдастық кездесуі өтті. Мен 67 кило салмақта Роберто Гуэрроны айқын басымдықпен жеңіп, ең үздік боксшы атандым. Көп ұзамай Бангкокта алау­ы тұтанған Азия ойындарына аттанып, елге күміс медальмен оралдым. Негізі финалда да жеңген едім. Қарсыласымды үш раунд бойы ауыр соққылардың астына алғаныммен, төрешілер жергілікті боксшының «ығына жығылды». Көп кешікпей Хьюс­тондағы әлем чемпионатында күш сынасып, ширек финалда ойда-жоқта италиялық Леонард Бундудан ұтылдым. Содан кейін былғары қолғабымды шегеге ілдім.

– Сол кезде сіз жалын­дап тұрған 27 жаста едіңіз. Жо­­­ғарыда аталған салмақ­тар­дың екеуінде де елшілік жарыстарда ешкімге есе жі­бермей жүрдіңіз. Бірақ дәл Ташкенттегі лицензиялық Азия чемпионаты қарсаңында үлкен спорттан қол үзуді құп көр­ген екенсіз. Неге? Алда  Сид­­­ней Олимпиадасы мен­мұн­далап тұрған еді ғой…

– Бұл аяқ асты қабылданған шешім емес. Сүйікті кәсібімнен бірден қол үзіп кету маған оңай болған жоқ. Өткенге зер салсам, жұдырықтасу өнеріне 15 жыл ғұмырымды арнаппын. Алты жыл бойы КСРО құрамасында болсам, жеті жыл Қазақ елінің туы астында өнер көрсеттім. Сол уақыт аралығында 52 ме­даль­ға қол жеткіздім: 35 алтын, 9 күміс және 8 қола. Жарыс, жат­­тығу жиындары деп жүріп, үй көр­медік. Ондай тынымсыз тірлік адамды жалықтырады екен. Ағза да, жүйке де шаршай­ды. Бұрындары күш-қуатым бойым­а сыймай, әр жекпе-жекке құш­тарланып шығатынмын. Соңғы кездері құлшыныс кеми бастады. Сенсеңіз, кейінгі уақыт­та жаттығу залына өз-өзімді қи­нағандай болып баратынмын. Иә, Сиднейге сапар шегуге мүм­кіндігім болды. Ташкентте де Азияның алды болып, жолдамаға иелік етуге күш-қуатым жете­тініне еш күмәнім жоқ. Бірақ 67 кило салмақ дәрежесінде сын­ға түссем, Олимпия ойында­рында алысқа шаппайтынымды іштей сезіндім. Ал Сиднейге жай турист ретінде баруға арым жі­бер­меді. Ал 71 кило салмақта Ер­махан Ыбырайымов бар. Оның үстіне, Ермахан бұл салмаққа әбден бейімделіп қалды. Қол жет­кізген табыстары да қомақты. Бір жағынан досымның жолын бө­гегім келмеді. Екінші жағынан бос елес қумайын деп, үлкен спорт­пен түбегейлі қош айтыстым.

– Жанкүйерлердің аузынан «Жастайынан жасындай жарқырап, дара таланты­мен оқшауланған болмысы бө­лек Нұржан Смановтай бокс­шы­ның не Олимпиадада, не әлем чемпионатында жүлде ал­ма­ғаны қандай өкінішті» дегендей әңгімелерді жиі естиміз. Ал сіз өзіңіз соған өкінесіз бе?

– КСРО, Еуропа және Азияны мойындатқаныммен, жоғарыда аталған қос жарыста жеңіс тұғы­рына көтеріле алмағаныма еш уайымдамаймын десем, өтірік айтқан болар едім. Иә, іште бір өкініш бар. Бірақ бұл жалғанда бәрі біз ойлағандай болмайды екен. Барлығы да Алланың қалауымен жүзеге асады. Өкініш­ке қарай, ондай бақ маған бұ­йыр­мады. Есесіне тәуелсіздік алғалы бері қаншама қазақ боксшысы көз арбаған биіктерді бағындырды. Өз замандастарым және ізімізді басқан інілерімнің біразы Олимпиада мен әлемдік додаларда атой салды. Міне, соның алтын бастауында біздер тұрдық. Соған да шүкір!

– Үлкен спорттан қол үзген­нен кейін қандай кәсіптің тұтқасын ұстадыңыз? Қазіргі қызметіңіз қандай?

– Еліміздегі үш жоғары оқу орнын тәмамдап, инженер-эко­номист, заңгер және дене шы­нықтыру бакалавр маман­дығын алдым. Әр жылдары Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің экономика кафедрасында стажер-зерттеуші, «Казкоммерцбанк» АҚ-ның филиалында қауіпсіздік бөлімі бастығының орынбасары, Шым­кент қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы қызметтерін атқардым. Қа­зір­гі кезде жергілікті спорт мек­тептерінің бірінде жас өрен­дерді жаттықтырамын. Сонымен қатар М.Өтебаев атындағы жо­ғарғы технологиялар коллед­жін­де дене шынықтыру кафедрасында еңбек етіп жатырмын.

– Әңгімеңізге рахмет.