Талғат Шәйкен кәсіпқой боксқа ауысты


Главная » Новости » Талғат Шәйкен кәсіпқой боксқа ауысты

Еліміздегі аса дарынды жас былғары қолғап шеберлерінің бірі Талғат Шәйкен кәсіпқой рингте күш сынасуды құп көрді. Бұл ақпаратты MTK Global Kazakhstan компаниясының баспасөз қызметі таратып отыр.

19 жастағы Көкшетау бокс мектебінің түлегі 2018 жылы Аргентинаның астанасы – Буэнос-Айресте алауы тұтанған жасөспірімдердің Дүниежүзілік Олимпиадасында күміс медальді иеленіп, көпшілік назарын өзіне аударған болатын. Көп ұзамай ол жастар арасында Азия чемпионы атанды.

Ересектер дуына қосылған бетте Талғат Шәйкен өзінің мықтылығын бірден мойындатып, былтыр Қызылордада өткен Қазақстан Республикасы Спартакиадасында бас жүлдені олжалады. Іле-шала Нұр-Сұлтанда өткен Президент кубогы жолындағы жарыста және Будапештегі халықаралық турнирде екінші орынды еншіледі. Ал күні кеше дарынды жас Ұлыбританияда іргетасы қаланған MTK Global менеджерлік компаниясымен келісімшартқа отырып, кәсіпқойлар арасында өнер көрсетуге бел буды.

Естеріңізге сала кетейік, Асқар Салықбаев жетекшілік ететін айтулы компанияның қазақстандық филиалында Жанқош Тұраров, Тұрсынбай Құлахмет, Абай Төлеш, Виктор Коточигов, Әли Балоев және тағы басқа танымал боксшылар өз шеберліктерін шыңдауда.