Пакьяо Головкинмен жұдырықтасқысы келеді


Главная » Новости » Пакьяо Головкинмен жұдырықтасқысы келеді

Филипиннің даңқты кәсіпқой боксшысы Мэнни Пакьяо Қазақстанның мақтанышы Геннадий Головкинмен жұдырықтасқысы келеді. Бұл жайында WBA нұсқасы бойынша жартылай ауыр салмақтағы әлем чемпионының бапкері Фредди Роуч мәлімдеді.

– Мықтылармен жұдырықтасуды Мэннидің жаны сүйеді. Ол ешқуақытта ешкімнен қаймықпаған. Әуелі Майки Гарсиямен күш сынасуды көздеп отырмыз. Одан кейін салмағын арттырып, Геннадий Головкинге қарсы шығуды жоспарлауда. Сөз жоқ, GGG өте күшті боксшы. Алайда Пакьяоның оны жеңуге шама-шарқы жетеді, – дейді Фредди Роуч.

41 жастағы Мэнни Пакьяо 1995 жылдан бері кәсіпқой рингте күш сынасып жүр. Ширек ғасыр уақыт аралығында ол 71 рет шаршы алаңға көтеріліп, 62 мәрте жеңіске жетті. 39 қарсыласын нокаутқа жіберді. 7 рет ұтылып, тағы екі кездесу тең есеппен аяқталды. Соңғы жекпе-жегін филиппиндік өрен былтыр жазда Кит Турманға қарсы өткізіп, төрешілердің шешімімен жеңіс тойын тойлады. Тағы бір ерекше атап өтерлік жайт, Пакьяо – белді нұсқалардың жеті салмақ дәрежесі бойынша әлем чемпионы атанған жер бетіндегі тұңғыш және әзірге жалғыз боксшы.