Нұрислам Санаев: Бос уақытта кітап оқып, қазақ тілін жетілдірдім


Главная » Новости » Нұрислам Санаев: Бос уақытта кітап оқып, қазақ тілін жетілдірдім

Бүкіл әлемді дүрліктірген коронавирус індеті спорт саласының күнтізбесіне айтарлықтай өзгерістер енгізді. Токио Олимпиадасы 2021 жылға шегерілді. Еліміздегі барлық спорттық шаралар мен жаттығу-жиындары да маусым айына дейін тоқтатылған болатын. Осы және басқа да мәселелерге қатысты еліміздің белді балуаны Нұрислам Санаев өз ойын айтып берді.

«Өздеріңіз білетіндей боз кілемдегі жаттығулар карантин кезінде рұқсат етілмеді. Дегенмен, кәсіби спортшы болған соң босаңсуға болмайды. Кез келген жағдайға бейімделіп, кәсіби шеберлігіңді арттырып отыру қажет. Сол себепті жаттығулардың басым көпшілігін үйде, пайдалы әрі тиімді өткізуге тырыстым. Ұзақ қашықтыққа жүгіріп, физикалық дайындығымды шыңдадым. Бос уақытта кітап оқып, қазақ тілін жетілдірдім.

Олимпиада ойындарының кейінге шегерілуі әр спортышға әр қалай әсер еткені сөзсіз. Жасы келген спортшыларға тағы бір жыл күту қиынға соқпақ. Ал жас және жарақаттан енді айыққан азулы балуандар үшін бұл жағдай тек тиімді деп ойлаймын.

Өз басым кез келген жағдайды жақсылыққа балаймын. Төрт жылда бір келетін дүбірлі додада топ жару әр спортшының арманы. Ол үшін тыңғылықты дайындық қажет. Ал тағы бір жыл шеберлігімді шыңдау үшін жақсы мүмкіндік деп есептмеймін».

Айта кетейік, Нұрислам Санаев еркін күрестен әлем чемпионатының қола және күміс жүлдегері, Азия чемпионы және қола жүлдегері.